1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Өзін-өзі реттеу туралы Заңы
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жеке мүдделілік – өзін-өзі реттейтін ұйымның және (немесе) оның мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін, өзін-өзі реттейтін ұйым мүшесінің (қатысушысының), өзін-өзі реттейтін ұйымның басқару органдарының құрамына кіретін адамның, еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтін жеке тұлғаның материалдық және (немесе) өзге де мүдделілігі;
2) кәсіптік қызмет – арнайы даярлық, сондай-ақ жұмыс тәжірибесі нәтижесінде алған арнайы теориялық білімді, практикалық икемдер мен дағдыларды иеленуді талап ететін жеке тұлға қызметі;
3) өзін-өзі реттейтін ұйым – қызметтің, саланың, экономикалық қызмет түрлерінің, өндірілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығының ортақтығы қағидаты бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің немесе кәсіптік қызмет субъектілерінің ерікті не міндетті мүшелігіне (қатысуына) негізделген, қауымдастық (одақ), қоғамдық бірлестік нысанындағы немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық емес ұйым;
4) өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары – өзін-өзі реттейтін ұйымның және оның мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайтын құжат;
5) өзін-өзі реттейтін ұйымның стандарты – өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) бірыңғай және міндетті қағидаттарды, олардың тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) және қызмет түріне сипаттаманы көп рет пайдалану үшін талаптарды белгілейтін құжат;
6) өзін-өзі реттеу – осы Заңда көзделген, жеке және заңды тұлғалардың өздері жүзеге асыратын, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарын бекітуге, олардың сақталуына бақылауды жүзеге асыруға, сондай-ақ өзін-өзі реттеу субъектілерінің мүліктік жауаптылығын қамтамасыз етуге негізделген кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызметті өз бетінше реттеуге бағытталған шаралар кешені;
7) өзін-өзі реттеудегі мүдделер қақтығысы – мүшелердің (қатысушылардың), өзін-өзі реттейтін ұйыммен еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтін жеке тұлғалардың жеке мүдделілігі өздерінің кәсіптік (мүшелік) міндеттерін орындауға ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін және (немесе) өзін-өзі реттейтін ұйымның заңды мүдделеріне зиян келтіруге немесе мұндай қайшылықтың туындау қаупіне алып келетін осындай жеке мүдделілік пен өзін-өзі реттейтін ұйымның заңды мүдделері арасында қайшылықтың туындауына әкеп соқтыратын жағдай;
8) өзін-өзі реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
9) өзін-өзі реттеу субъектілері – өзін-өзі реттейтін ұйымдар, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың мүшелері (қатысушылары);
10) өтемақы қоры – өзін-өзі реттейтін ұйым, оның мүшелерінің (қатысушыларының) тұтынушылар мен өзге де тұлғалар алдындағы міндеттемелерін орындамаған жағдайларда кепілдік төлемдерді жүзеге асыру үшін өзін-өзі реттейтін ұйымның мүлкін қалыптастыру көздерінен жинақталған ақша;
11) реттеуші мемлекеттік органдар – өзін-өзі реттеу енгізілген немесе оны енгізу жоспарланған, жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару аясында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 12 қарашадағы № 390-V ҚРЗ.
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік және кәсіптік қызмет субъектілерінің өзін-өзі реттеумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың құрылу және жұмыс істеу, оларға мүше болу (қатысу) шарттарын және олардың құқықтық жағдайын айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы