16-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру шарттары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңы
1. Мемлекеттік лауазымдарға тиісті біліктілік талаптарына сай келетін, өзінің жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті және Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жасы бойынша шектеу Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында олардың өкілеттік мерзімдері айқындалған мемлекеттік саяси лауазымдарға қолданылмайды.
Зейнеткерлік жасқа толған адамды осы бапта көзделмеген өзге жағдайларда мемлекеттік саяси лауазымға Қазақстан Республикасының Президенті ғана тағайындауы мүмкін.
Құқық қорғау органдарының лауазымдарына орналасуға үміткер азаматтарға қойылатын жасына байланысты шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2. Құқық қорғау органдарына қызметке кіретін азаматтар, мыналарды:
1) құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетін;
2) қатардағы және кіші басшы құрамдар лауазымдарына алғашқы кәсіптік даярлыққа түсетін;
3) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 8-тармағында, 7-бабының 3-тармағында және 7-1-бабының 1-тармағында көзделген адамдарды қоспағанда, уәкілетті органда тестілеуден, оның ішінде жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді.
Құқық қорғау қызметіне кіретін азаматтарды тестілеу тәртібі мен бағдарламаларын құқық қорғау органдарымен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайды.
3. Мемлекеттiк қызметке:
1) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті мемлекеттік лауазымдарға қатысты өзге талаптар белгіленбесе, он сегіз жасқа дейінгі;
2) сот әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған;
3) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;
4) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшiн денсаулық жағдайына арнайы талаптар белгiленген жағдайларда, медициналық мекеменiң қорытындысы негізінде лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн ауруы бар;
5) өзiнiң мәртебесiн және соған негізделген беделiн жеке басының, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi мүмкін әрекеттерді болғызбау мақсатында өзіне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;
6) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы екі жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметтен шығарылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кірер алдындағы бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе қызметтік әдепті сақтамағаны үшін қызметтен шығарылған;
ҚР Конституциялық Сотының 06.03.2023 № 4 нормативтік қаулысымен Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы құқық бұзушылық үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауаптылық шараларынан туындайтын құқықтық шектеулер мөлшерлестігінің болмауына байланысты, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін қызметтен шығарылған азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруіне мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде осы Заңының 16-бабы 3-тармағының 6) тармақшасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 1-тармағына, 33-бабының 2 және 4-тармақтарына және 39-бабының 1-тармағына сәйкес келмейді деп танылды.
6-1) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде сенімнен айырылуына байланысты мемлекеттік саяси қызметтен шығарылған;
7) активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсынбаған адамды жұмысқа қабылдағаны үшін мемлекеттік қызметші ретінде алғаш рет әкімшілік жауаптылыққа тартылған жағдайды қоспағанда, мемлекеттік қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған;
8) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
ҚР Конституциялық Сотының 31.08.2023 № 26 нормативтік қаулысымен осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 8) тармақшасы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылды.
9) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін өзіне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
9-1) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы бес жыл ішінде онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе мемлекеттік қызметке кірер алдындағы бес жыл ішінде онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін өзіне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
9-2) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы сегіз жыл ішінде ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе мемлекеттік қызметке кірер алдындағы сегіз жыл ішінде ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін өзіне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған азаматты қабылдауға болмайды. Бұл ретте жеке адамға, отбасына және кәмелетке толмағандарға, бейбiтшiлiкке және адамзат қауiпсiздiгiне, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекет қауiпсiздiгiне, меншікке, коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделеріне, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке, халық денсаулығы мен адамгершілікке, мемлекеттік қызмет мүдделеріне және мемлекеттік басқаруға, басқару тәртібіне, сот төрелігіне және жазаларды орындау тәртібіне, конституциялық іс жүргізуге қарсы ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін, сондай-ақ экономикалық қызмет саласында ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы бар немесе болған немесе қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған азамат мемлекеттік қызметке қабылданбайды;
10) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;
11) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
ҚР Конституциялық Сотының 24.12.2024 № 57-НҚ нормативтік қаулысымен осы Заңының 16-бабы 3-тармағының 11) тармақшасы ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдауға тыйым салу бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылды. 12) алып тасталды – ҚР 10.01.2025 № 156-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; 13) алып тасталды – ҚР 10.01.2025 № 156-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
14) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы екі жыл ішінде құқық қорғау қызметінен, әскери қызметтен, арнаулы мемлекеттік органдардан теріс себептермен қызметтен шығарылған, сондай-ақ теріс себептермен судья өкілеттігін тоқтатқан азаматты қабылдауға болмайды.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінің күші:
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның кәсіптік жарамсыздығына қарай атқаратын лауазымына сай келмеуі туралы шешімінің негізінде судья өкілеттігін тоқтатқан;
қатарынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауына байланысты қызметтен шығарылған адамға қолданылмайды.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 14) тармақшаның үшінші бөлігі 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі – ҚР 10.01.2025 № 156-VIII Заңымен (мәтін алып тасталды). ҚР Конституциялық Сотының 26.12.2023 № 38 нормативтік қаулысымен "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасымен және 3-тармағымен өзара байланысты болу үшін, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін құқық қорғау қызметінен шығарылған адамдардың мемлекеттік қызметке қабылдануына мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 14) тармақшасы осы құқықтық шектеудің мөлшерлестігінің болмауына байланысты Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылды.
15) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қабылдауға болмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайлардың кез келгенінің болуы мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
3-1. Басшылық мемлекеттік лауазымға орналасу үшін осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 6), 6-1), 7), 9), 9-1), 9-2) және 14) тармақшаларында көрсетілген шектеулердің мерзімі үш жылға ұлғайтылады.
Ескерту. Осы тармақтың мақсаты үшін басшылық мемлекеттік лауазым деп мыналар түсініледі:
1) мемлекеттік саяси лауазым;
2) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымы;
3) лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес бағынысты мемлекеттік қызметшілердің қызметін ұйымдастыру жөніндегі өкілеттіктер берілген "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымы;
4) сайланған әкім.
4. Осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді көрсетпеу не қасақана бұрмалап көрсету мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
5. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде шығу тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол берiлмейдi.
6. Адамдарды құқық қорғау қызметіне, әскери қызметке және арнаулы мемлекеттік органдарға қабылдаудағы шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
7. Мемлекеттік қызметке кіретін адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімдерде активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны мемлекеттік кіріс органдарына тапсырады.
Мемлекеттік қызметке кірген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жеке тұлғалардың декларацияларын мемлекеттік кіріс органдарына тапсыруға міндетті.
Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы