Жеке сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді жүргізу кезіндегі заңбұзушылықтары
Қостанай облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 қазандағы шешімімен «Общежитие» ЖШС-нің жеке сот орындаушысы Шакарова Л.Я.-ға қатысты 2024 жылғы 16 наурыздағы атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыны заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы талабы қанағаттандырылып, жеке сот орындаушысы Шакарова Л.Я.-ның атына жеке ұйғарым шығарылып, ЖСО ӨК-ге жолданған (3994-24-00-4/816).
Анықталғандай, 2016 жылғы 15 сәуірде жеке сот орындаушысы Шакарова Л.Я. Лексина Е.Ф.-дан «Общежитие» ЖШС-нің пайдасына 150 253 теңге мөлшеріндегі берешекті өндіру туралы №1118/16-39-2001 атқарушылық іс жүргізуді қозғаған.
2024 жылғы 16 наурызда атқарушылық құжаттың толық көлемде орындалуына байланысты атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған.
Сонымен бірге, сот отырысында сот шешімінің орындалғанын растайтын құжаттардың жоқ екені анықталған. Бұдан басқа, бірінші сатыдағы соттың сұрауы бойынша атқарушылық іс жүргізудің барлық материалдары, оның ішінде атқарушылық құжаттың түпнұсқасы ұсынылмаған, жауапкер сотты оның жоғалғаны туралы жаңылыстырған.
Сонымен қатар, атқарушылық іс жүргізу материалдарында барлық атқарушылық әрекеттер туралы, атқарушылық іс жүргізу тараптарымен жүргізілген хат алмасулар туралы мәліметтер болмаған. Осыған байланысты Қостанай облыстық сотының сот актілерін қайта қарау жөніндегі сот алқасы аталған құжаттарды өндіріп алушы мен борышкерден сұратып алған, ал олар атқарушылық іс жүргізу материалдарында болуы тиіс еді.
Осыған байланысты Қостанай облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты және Қостанай облыстық сотының сот актілерін қайта қарау жөніндегі сот алқасы жеке сот орындаушысы Шакарова Л.Я.-ның атына 2 жеке ұйғарым шығарған. Оларды қарау нәтижелері бойынша Қостанай облысы ЖСО ӨК басшысы жеке сот орындаушысы Шакарова Л.Я.-ға қатаң сөгіс жариялаған.
Іске қатысатын адамдардың құрамы
АППК-нің 26-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік процеске қатысушылар талап қоюшы, жауапкер, мүдделі тұлға және прокурор болып табылады.
АППК-нің 4-бабы бірінші бөлігінің 33) тармақшасына сәйкес талап қоюшы – өзінің бұзылған немесе дауланатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген тұлға не Қазақстан Республикасының заңдарымен осындай өкілеттік берілген прокурор немесе өзге тұлға талап қойған мүддесіндегі тұлға.
АППК-нің 4-бабы бірінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес жауапкер – сотта талап қойылған әкімшілік орган немесе лауазымды адам.
АППК-нің 30-бабының бірінші бөлігіне сәйкес құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделері сот актісімен қозғалатын немесе қозғалуы мүмкін тұлға мүдделі тұлға деп танылады.
Тәжірибеде атқарушылық іс жүргізу тараптары болып табылмайтын тұлғалар мен сот орындаушылары арасында даулар жиі туындайды. Аталған норма мүдденің болуы кезінде сот тәртібімен қорғалу құқығын көздейді.
Атқарушылық іс жүргізудің тарапы болып табылмайтын тұлғалардың талаптары келіп түскен кезде соттар дауланатын құқықты қорғау мен қалпына келтірудің өзге тәсілінің бар-жоғын, сондай-ақ жасалған әрекеттерден талап қоюшы үшін тікелей құқықтық салдардың туындаған-туындамағанын тексеруі қажет.
АППК-нің 31-бабына сәйкес прокурор заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады және әкімшілік процеске қорытынды беру үшін қатысады.
Қажетті жағдайларда кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес даулар бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлер болып табылатын Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, оларға теңестірілген адамдардың, мерзімді әскери қызметшілердің, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдардың, жасына байланысты зейнеткерлердің істерін қарау кезінде іске адвокаттар (заң консультанттары) қатысуға тартылады.
Кәмелетке толмаған адамдардың мүдделерін қозғайтын талаптар бойынша іске қорғаншылық және қамқоршылық органдары заңды өкілдердің міндетті түрде қатысуымен тартылады.
Бұдан басқа, жасалған Ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде қажетті жағдайларда іске ҚСО ӨК өкілдері қатысуға тартылады.
Талаптарды тұжырымдау
Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы әкімшілік талап қоюды беру кезінде талап қоюшылар талаптарды әртүрлі редакцияда мәлімдейді.
Жалпыланатын санаттағы даулар негізінен дау айту, мәжбүрлеу және әрекет жасау туралы талап қоюларды беру арқылы қаралады (АППК-нің 132–134-баптары).
АППК-нің 132-бабына сәйкес ауыртпалық салатын әкімшілік акт талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзған кезде, ол әкімшілік актіні толық немесе оның қандай да бір бөлігінде күшін жою туралы талаппен дау айту туралы талап қоюға құқылы.
Сот орындаушысы шығарған қаулымен келіспеген жағдайда, талаптар аталған қаулыны заңсыз деп тану туралы қойылады. Бір мезгілде әрекеттерді заңсыз деп тану туралы талап қоюдың қажеті жоқ.
АППК-нің 84-бабының 2-бөлігіне сәйкес заңсыз әкімшілік акт толық немесе ішінара күшін жоюы мүмкін.
Қаулы заңсыз деп танылған жағдайда, сот аталған қаулының күшін жояды.
Талап қоюды қайтару
АППК-нің 138-бабының 2-бөлігінде әкімшілік талап қоюды қайтарудың 17 негізі көзделген.
Қаралып отырған санаттағы істер келесі негіздер бойынша неғұрлым жиі қайтарылады:
АППК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 6) тармақшасы – талап қоюшы берген талап қоюын кері қайтарып алған;
АППК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 9) тармақшасы – тараптар татуласу, медиация туралы келісім немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасқан және ол сотпен бекітілген;
АППК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасы – іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды;
АППК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 17) тармақшасы – іс осы соттың соттылығына жатпайды.
Сондай-ақ, талап қоюды қайтарудың негізі АППК-нің 136-бабының 8-бөлігінде көзделген. Оған сәйкес, сотқа талап қою мерзімін дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда талап қоюды қайтаруға негіз болып табылады.
Талдауға алынған санаттағы талап қоюларды қайтару мәселесін шешу кезінде соттарда қиындықтар туындамайды.
Сонымен қатар, соттың белсенді рөлі қағидатын іске асыру бейбіт жолмен шешілген істердің санын (келісім жасасу немесе талап қоюды кері қайтарып алу) едәуір арттыруға мүмкіндік берді.
Сот шешіміне шағым жасау мерзімі
АППК-нің 168-бабының төртінші бөлігінде сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде берілуі мүмкін екендігі көзделген. Шешімнің түпкілікті нысаны шешім жарияланған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады.
Аталған нормаға өзгерістер Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 қазандағы №33-НП «Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 168-бабы төртінші бөлігінің бірінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында 2024 жылғы 21 қарашада енгізілді.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 қазандағы №33-НП «Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 168-бабы төртінші бөлігінің бірінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» нормативтік қаулысынан көрінетіндей, АППК-нің 168-бабының төртінші бөлігінің ережелері осы баптың заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне шағым жасаудың жалпы қағидаларын айқындайтын екінші бөлігінің нормаларынан туындайды және сот шешімі түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап есептеледі.
Осыған байланысты сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым мен прокурордың өтінішхатын беру үшін көзделген он жұмыс күнінің мерзімі шешім шығарылған (дайындалған) күннен бастап түпкілікті нысанда есептелуге тиіс. Себебі АППК-де белгіленген апелляциялық шағым беру мерзімі (сот шешімі шығарылған күннен бастап он жұмыс күні) іс жүзінде шешім түпкілікті нысанда дайындалғанға дейін өтіп кетуі мүмкін, бұл процесс қатысушыларын оның уәждеу бөлімімен танысу және апелляцияға құқықтарын толық көлемде іске асыру мүмкіндігінен айырады.
Конституциялық Сот мұндай құқықтық реттеу Конституциямен кепілдік берілген сот арқылы қорғалу құқығын, білікті заң көмегін алу құқығын және заң мен сот алдында барлығының теңдігі қағидатын шектеуі мүмкін екенін көрсетті.
Конституциялық Сот АППК-де қолданылатын ұғымдардың («шешім шығарылған күн», «шешімнің түпкілікті нысанда дайындалған күні» және т.б.) заң тұрғысынан жеткілікті дәл емес екенін және олардың құқықтық мағынада әртүрлі түсіндірілуіне жол беретінін, бұл өз кезегінде процесс қатысушыларының құқықтарының бұзылу қаупін туғызатынын атап өтті.
Нәтижесінде Конституциялық Сот дауланып отырған ережені апелляциялық шағым мен прокурордың апелляциялық өтінішхатын беру мерзімі АППК-нің 168-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген әкімшілік істер санаттары бойынша қарар бөлігін жариялаған кезден емес, сот шешімі түпкілікті нысанда шығарылған (дайындалған) күннен бастап есептелуге тиіс деген түсіндірмеде ғана Конституцияға сәйкес келеді деп таныды.
АППК-нің 168-бабының 4-бөлігіне жоғарыда көрсетілген өзгерістер енгізілгенге дейін жергілікті соттар бірінші сатыдағы сот шешіміне шағым жасау мерзімін есептеу бөлігінде аталған норманы әртүрлі түсіндіруге жол берген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Сот актілерін қайта қарау жөніндегі сот алқасы процессуалдық нормаларды конституциялық-құқықтық тұрғыдан түсіндірудің басымдығын растады және апелляциялық шағым беру мерзімдерін шешім түпкілікті нысанда дайындалған күннен бастап бірыңғай есептеуді қамтамасыз ететін сот практикасын бекітті.
Аталған практика жүйелі маңызға ие, өйткені ол сот практикасындағы қайшылықтарды жояды және тараптардың әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде сот арқылы қорғалу құқығын іске асыруының нақты мүмкіндігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Дәлелдемелер және дәлелдеу
Дәлелдемелерді, нақты деректерді, дәлелдеме ретінде жол берілмейтін деректерді, дәлелдеу нысанасын және дәлелдемелердің көздерін құқықтық реттеу тәртібі, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау, зерттеу, бағалау және пайдалану (дәлелдеу) және дәлелдемелер мен дәлелдеуге қатысты өзге де ережелер АППК-де белгіленген ерекшеліктерді қоспағанда, ГПК нормаларымен айқындалады (АППК-нің 128-бабы).
ЖСО әрекеттеріне сотқа шағым жасау кезінде дәлелдемелер ретінде ЖСО тарапынан жол берілген бұзушылықтарды растайтын әртүрлі құжаттар мен материалдар қызмет ете алады. Құқыққа қайшы әрекеттерді немесе әрекетсіздікті көрсететін нақты фактілерді анықтау қажет.
Дәлелдеме (тігілген, парақтары нөмірленген атқарушылық іс жүргізу) өз құрамына мыналарды қамтиды:
Атқарушылық құжат:
Жеке сот орындаушысы әрекет еткен негіздегі атқарушылық парақтың немесе сот бұйрығының түпнұсқасы не куәландырылған көшірмесі.
Жеке сот орындаушысының шағым жасалып отырған, күні мен мазмұны көрсетілген қаулылары.
Бұзушылықтарды растайтын құжаттар:
Төлем туралы түбіртектер, жеке сот орындаушысымен хат алмасулар, хабарламалар (SMS-хабарламалардың жеткізілгені туралы есептер), куәлардың айғақтары, мүлікті бағалау туралы есептер, мүлікке тізімдеме жасау хаттамалары, тексеру актілері, тұрмайтыны туралы актілер, фотосуреттер, бейнежазбалар және арыз берушінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғанын растайтын кез келген өзге де материалдар.
Әділет органдарына немесе ЖСО палатасына берілген шағымдар (ЖСО әрекеттеріне шағым берілген жағдайда, оның көшірмесі және оған берілген жауаптар да дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін).
Куәлардың айғақтары:
Істің мән-жайларын растай алатын куәлар айғақ беру үшін сотқа шақырылады.
Мемлекеттік бажды өндіру
Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы талап қоюлар бойынша талап қоюшылар Қазақстан Республикасы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 616-бабының 15) тармақшасына сәйкес сотқа талап қою берген кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
АППК-нің 122-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот шығыстарын бөлу мәселелері ГПК қағидалары бойынша қаралады.
ГПК-нің 117-бабының 1-бөлігіне сәйкес талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж, сондай-ақ істі жүргізуге байланысты шығындар сот шығыстарын төлеуден босатылмаған жауапкерден талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне толық немесе пропорционалды түрде мемлекет кірісіне өндіріледі.
Талап қою қанағаттандырылған жағдайда мемлекеттік баж талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне мөлшерлес сот орындаушысынан жергілікті бюджет кірісіне өндірілуге жатады.
Мемлекеттік баждың мөлшерлемесі Қазақстан Республикасы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 610-бабы 1-тармағының 8) тармақшасының қағидалары бойынша есептеледі (0,5 АЕК).
Процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану
Істі қарау кезінде процестік заңнама нормаларының бұзылғаны анықталған жағдайда ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
АППК-нің 127-бабына сәйкес сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде дәлелдемелерді ұсыну, сот тапсырмаларын орындау кезінде сот белгілеген мерзімді дәлелді себептерсіз бұзған және бұл әкімшілік істі қараудың созылуына әкеп соққан жағдайларда, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы тұлғаның сотқа келмегені, сотты уақтылы хабардар етпегені, пікірді уақтылы ұсынбағаны, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген қағидаларды бұзғаны, сондай-ақ сотқа және (немесе) судьяға құрметтемеуді анық көрсететін өзге де әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін сот жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Сот шешімін, тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту жөніндегі сот ұйғарымын орындамағаны үшін сот жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады және осы сот актісінде оны орындауға тиіс, бір айдан аспайтын мерзімді көрсетеді.
Талданып отырған кезеңде соттарда ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасын қолдану практикасы қалыптасты. Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы даулар санаты бойынша ақшалай өндіріп алу көбінесе жауапкерлерге келесі себептермен қолданылды:
- пікірді уақтылы ұсынбау;
- атқарушылық іс жүргізу материалдарын уақтылы ұсынбау;
- атқарушылық іс жүргізу материалдарын толық көлемде ұсынбау;
- дәлелді себептерсіз сот отырысына келмеу (не онлайн форматында қосылмау).
Пайдаланылған қысқартулар:
- АППК – Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі;
- ГПК – Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі;
- ГК – Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі;
- Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңы – Атқарушылық іс жүргізу туралы заң;
- ЖС НҚ – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Нормативтік қаулысы;
- Тыйым салынған мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткізу қағидалары – Қағидалар;
- АИАЖ – Қазақстан Республикасы сот органдарының «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі;
- ЖС ӘІСА – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы;
- ӘІСА немесе алқа – әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы;
- МАӘС – мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот;
- ӘД – Әділет департаменті (департаменттері);
- МСО – мемлекеттік сот орындаушысы (орындаушылары);
- ЖСО – жеке сот орындаушысы (орындаушылары);
- АІЖ – атқарушылық іс жүргізу.
Атқарушылық іс жүргізу мәселелерін реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілер мыналар болып табылады:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы;
- АППК;
- ГК;
- ГПК;
- Атқарушылық іс жүргізу туралы заң;
- Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңы;
- Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы;
- Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы №1 «Соттардың атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы №12 «Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы» Нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы №2 «Азаматтық істер бойынша талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы» Нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 29 қарашадағы №5 «Әкімшілік істер бойынша сот шешімі туралы» Нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2019 жылғы 29 қарашадағы №6 «Алименттерді өндіріп алуға байланысты істерді қарау кезінде соттардың заңнаманы қолдануы туралы» Нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы №437 «Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы» қаулысы (2023 жылғы 13 шілдеден бастап күшін жойған);
- Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №372 «Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға арналған алименттер ұстап қалу жүргізілетін жалақы және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесін бекіту туралы» бұйрығы;
- Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы №416 «Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы» бұйрығы;
- Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2019 жылғы 28 наурыздағы №148 «Жеке сот орындаушылары қаулыларының үлгілік нысандарын бекіту туралы» бұйрығы.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы