Шартта оны бұзу шарттарының болмауы қорғану құқығын жүзеге асыруға кедергі келтірмейді
Талап қоюшы – С.Ж. Ұлытау облысының Сәтбаев қалалық сотына жауапкер – Б.С.-ға қатысты шартты бұзу және жауапкерді отбасы мүшелерімен бірге иеленіп отырған тұрғын үйден шығару туралы талап қоюмен жүгінген. Талап қоюшының талаптары тараптардың 2022 жылғы 22 қазанда құны 10 500 000 теңге болатын пәтерді сатып алу-сату шартының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында кепілпұл туралы шарт жасасқаны туралы уәждерге негізделген. Кепілпұл туралы шарттың талаптарына сәйкес жауапкер талап қоюшыға 5 300 000 теңге соманы берген және пәтердің толық құнын 2025 жылғы 22 тамызға дейін ай сайын 150 000 теңгеден төлеуге міндеттенген.
Шартты бұзу туралы талап жауапкердің қарызды ай сайын өтеу жөніндегі міндетін тиісінше орындамағаны туралы уәждерге негізделген. Бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 14 ақпандағы шешімімен С.Ж.-ның талаптарын қанағаттандырудан бас тартылған. Бұл ретте сот 2023 жылғы қазан және қараша айларындағы төлемдер кестесінің бұзылғаны фактісінің расталғанын негізге алған. Бірінші сатыдағы сот пәтер құнын төлеу жөніндегі төлемдер кестесінің бұзылуы шартты бұзуға негіз бола алмайды, ал тұрғын үй бағасының қалған бөлігін өтеу туралы талап жеке, дербес міндеттеме болып табылады деген қорытындыға келген. Сонымен қатар, шешімде сот кепілпұл туралы шартта шартты бұзу туралы талаптың жоқтығын да негізге алған.
Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 мамырдағы ұйғарымымен сот шешімі күшін жойып, іс бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарау үшін іс жүргізуге қабылданған. Апелляциялық сот қалалық соттың іске қатысуға тартылмаған кәмелетке толмаған адамдарды тұрғын үйден шығару туралы талаптарды қарауы арқылы процестік заң талаптарын бұзғанын негізге алған. Кейіннен жауапкердің 2023–2024 жылдардағы жеті ай ішінде есеп айырысулар жүргізу жөніндегі міндеттемелерін бұзғаны анықталып, апелляциялық сот 2024 жылғы 3 шілдедегі қаулысымен қойылған талаптарды қанағаттандырған.
Осы азаматтық іс бойынша апелляциялық қаулының тұжырымдары негізді деп танылуы мүмкін. Мұндай жағдайда азаматтық заңнаманың жалпы ережелері қолданылуға жатады.
ҚР Азаматтық кодексінің 272-бабында міндеттеме оның талаптарына және заңнама талаптарына сәйкес тиісінше орындалуға тиіс екендігі, ал мұндай талаптар мен шарттар болмаған кезде іскерлік айналым дәстүрлеріне немесе өзге де әдетте қойылатын талаптарға сәйкес орындалуға тиіс екендігі туралы негізгі талап белгіленген. Заңда немесе шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, міндеттемені орындаудан біржақты бас тартуға және оның талаптарын біржақты өзгертуге жол берілмейді (ҚР АК-нің 273-бабы). ҚР АК-нің 401-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жалпы ережеге сәйкес шарттың елеулі түрде бұзылуы шартты бұзуға немесе өзгертуге негіз бола алады. Келтірілген іс бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі заңның аталған талаптарына сәйкес келмейді.
Соттылық
Шарттарды өзгерту және бұзу туралы даулардың соттылығы ҚР Азаматтық процестік кодексінің 3-тарауының нормаларымен айқындалады. Мұндай даулар, жалпы ереже бойынша, жауапкердің орналасқан жері бойынша сотқа сотталады (ҚР АПК-нің 29-бабы). Бұдан басқа, заңда инвестициялық даулардың соттылығы (ҚР АПК-нің 27-бабының 1–2-бөліктері), орындалатын жері көрсетілген шарттар бойынша талап қоюшының таңдауы бойынша соттылық (ҚР АПК-нің 30-бабының 6-бөлігі), жылжымайтын мүлікке құқық туралы істердің ерекше соттылығы (ҚР АПК-нің 31-бабының 1-бөлігі), сондай-ақ шарттық соттылық (ҚР АПК-нің 32-бабы) көзделген.
Зерттелген азаматтық істерді талдау республика соттарының аумақтық соттылық мәселелері бойынша заңнама талаптарын жалпы алғанда сақтайтынын көрсетті. Сонымен бірге, жекелеген істер бойынша соттылыққа қатысты кейбір бұзушылықтар орын алған.
Алматы облысы Балқаш аудандық соты судьясының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы ұйғарымымен А.К.-ның «Б» ЖШС-не шартты бұзу және ақшалай соманы өндіру туралы талап қоюы қайтарылған. Азаматтық істің материалдары бойынша тараптар арасында алдын ала төлем жасау шарттарымен терезелер мен есіктерді дайындау және орнату туралы шарт жасалған. Шарттық міндеттемелердің ұзақ уақыт бойы бұзылғанына сілтеме жасай отырып, талап қоюшы А.К. жауапкердің орналасқан жері бойынша сотқа жүгінген. Аталған ұйғарымда Алматы облысының Балқаш аудандық сотының судьясы даудың осы сотқа сотталмайтыны туралы қорытындыға келіп, талап Алматы қаласында шарт жасалған немесе орындалған жер бойынша берілуі мүмкін екенін көрсеткен.
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың сот актісі күшін жойып, азаматтық іс мәні бойынша қарау үшін сол сотқа жолданған. Апелляциялық саты бұған дейін, 2021 жылғы 29 желтоқсанда Алматы қаласының Әуезов аудандық №2 аудандық сотының ұйғарымымен А.К.-ның «Б» ЖШС-не шартты бұзу туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс жауапкердің нақты орналасқан жері аталған ауданның аумағында екендігі анықталуына байланысты соттылығы бойынша Алматы облысының Балқаш аудандық сотына қарауға жіберілгенін негізге алған.
Осылайша, бірінші сатыдағы соттың даудың Алматы облысының Балқаш аудандық сотына сотталмайтыны туралы тұжырымдары заң талаптарына сәйкес келеді деп танылуға жатпайды. ҚР АПК-нің 29-бабы 1-бөлігінде көзделген жалпы ережеге сәйкес талап жауапкердің орналасқан жері бойынша сотқа беріледі. Жоғарыда келтірілген талап қоюда (Балқаш аудандық сотына қайтадан келіп түскен) талап қоюшы жауапкердің осы ауданда тіркелгені туралы мәліметтерді көрсеткен. Судьяның ҚР АПК-нің 30-бабының 9-бөлігін қолдануына байланысты туындаған даудың осы аудандық сотқа сотталмайтыны туралы сілтемесі талап қоюшының таңдауы бойынша соттылықты айқындайтын заң талаптарына қайшы келеді. Баламалы соттылық кезінде азаматтық істі қарау орнын таңдау құқығы заңмен талап қоюшыға берілген.
Мемлекеттік баж
Қазақстан Республикасы Конституциясының 35-бабында белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылатыны туралы жалпы талап көзделген.
Соттардағы мемлекеттік баждың мөлшерлемелері Салық кодексінің 610-бабында айқындалған. Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, жалпы ереже бойынша, мүліктік сипаттағы талап қою арыздарынан мемлекеттік баж талап қою сомасына қарай пайыздық мөлшерде алынады.
АПК-нің 104-бабы 1-бөлігінің ережелерімен талап қою бағасын айқындау тәртібі белгіленген. Тұрғын үйді жалға алуды қоспағанда, мүліктік жалдау (жалдау) шартын мерзімінен бұрын бұзу туралы талап қоюларда талап қою бағасы шарттың (келісімшарттың) қолданылуының қалған мерзімі үшін мүлікті пайдаланғаны үшін төленетін төлемдердің жиынтығымен, бірақ үш жылдан аспайтын мерзім үшін айқындалады (аталған баптың 1-бөлігінің 10) тармақшасы).
Сонымен бірге, Салық кодексінің 610-бабының 7) тармақшасына сәйкес тұрғын үйді жалдау шартын өзгерту немесе бұзу туралы талап қоюлар, сондай-ақ мүліктік емес сипаттағы немесе бағалауға жатпайтын басқа да талап қою арыздары бойынша мемлекеттік баж айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі – АЕК) 0,5 мөлшерінде төленеді.
Жалпы сот практикасында шартты бұзу, өзгерту туралы талаптарды мүліктік емес сипаттағы немесе бағалауға жатпайтын талаптар ретінде тану тәсілі қалыптасқан. Сонымен қатар, құқықтық реттеуді жетілдіру тұрғысынан алғанда, жалдау шартын бұзу туралы талаптарға қатысты АПК мен Салық кодексін бірыңғай тәсілге келтіру мәселесі туындайды.
Шартты өзгерту және бұзу туралы талаптар көбінесе мүлікті қайтару, ақшалай сомаларды өндіру туралы талаптармен бірге қойылады. Мұндай жағдайлар үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №9 «Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 5-тармағында мүліктік және мүліктік емес сипаттағы талаптарды қамтитын талап қоюлар бойынша мемлекеттік баж әрбір талап түрі үшін белгіленген мөлшерге сүйене отырып, бір мезгілде төленетіні туралы қағида белгіленген.
АПК-нің 104-бабының 2-бөлігінде талап қоюшының талап қою бағасын көрсетуі туралы талап көзделген. Көрсетілген баға талап етіліп отырған мүліктің нақты құнына анық сәйкес келмеген жағдайда, талап қою бағасын судья айқындайды.
Шартты өзгерту, бұзу туралы дауды мүлікті (ақшалай сомаларды) бір мезгілде талап етіп шешу кезінде соттарға талап қоюшының талап қою бағасын көрсету жөніндегі талапты орындауын, сондай-ақ әрбір талап бойынша мемлекеттік баждың толық төленуін тиісінше тексеру қажет.
Заңнама
Жинақталып отырған санаттағы азаматтық істер бойынша қолданылуға жататын негізгі нормативтік құқықтық актілер мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституциясы (бұдан әрі – Конституция);
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 27 желтоқсанда қабылдаған Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Жалпы бөлім); Қазақстан Республикасы Парламентінің 1999 жылғы 1 шілдеде қабылдаған Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Ерекше бөлім) (бұдан әрі – АК);
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 3 қарашадағы Азаматтық процестік кодексі (бұдан әрі – АПК);
Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексі;
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексі;
Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексі (бұдан әрі – Салық кодексі);
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы;
Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 шілдедегі «Қаржы лизингі туралы» Заңы;
Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы;
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №9 «Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысы;
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1997 жылғы 18 шілдедегі №9 «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй-жайларды азаматтардың жекешелендіруі туралы заңнаманы қолданудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысы;
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 25 қарашадағы №7 «Банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша азаматтық істерді қараудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысы.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы