Мемлекеттік сатып алудан туындайтын даулардың соттылығымен ведомстволығы
АПК-нің 27-бабының 1-бөлігіне сәйкес мемлекеттік сатып алудан туындайтын даулар мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың соттылығына жатады, өйткені оның тараптары заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар болып табылады.
АПК-нің 30-бабының 6-бөлігіне сәйкес орындалатын орны көрсетілген мемлекеттік сатып алу туралы шарттардан туындайтын талап қоюлар шарттың орындалатын орны бойынша да берілуі мүмкін.
АПК-нің 31-бабында айрықша соттылық негіздері қамтылған.
Сот практикасын зерделеу соттардың негізінен соттылық туралы қағидаларды сақтайтындығын көрсетті. Сонымен қатар соттылықты бұзудың жекелеген жағдайлары да кездеседі.
Мәселен, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 3 наурыздағы қаулысымен Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі - МАЭС) шешімі Қызылорда облысының МАЭС қарауына беріле отырып, соттылық қағидаларының бұзылуына байланысты күші жойылды.
АПК-нің 31-бабының 4-бөлігіне сәйкес жүктерді, жолаушыларды немесе багажды тасымалдау шарттарынан туындайтын тасымалдаушыларға талап қоюлар тасымалдаушының (көлік ұйымының, жеке кәсіпкердің) орналасқан жері бойынша сотқа беріледі.
Заң шығарушы осы құқықтық қатынастарға балама немесе шарттық юрисдикцияның қолданылуын болдырмау мақсатында осы санат үшін ерекше юрисдикцияны белгіледі.
Сот алқасы жасалған шарттың мәні оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді тасымалдау болып табылатындығын анықтады.
Жауапкер «ТемірЖолСервисKZ» ЖШС көлік ұйымы тасымалдаушы болып табылады, Қызылорда қаласы, Мәуленов көшесі, 26-үй мекенжайында орналасқан. Тиісінше талап тасымалдаушының орналасқан жері бойынша сотқа берілуі тиіс.
Басқа іс бойынша: 2019 жылғы 19 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы МАЭС-тің ұйғарымымен «СК-Максимум» ЖШС-ның «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті» РММ-ге құжаттарды ұсынуды міндеттеу туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс Нұр-Сұлтан қаласының МАЭС-ке соттылығы бойынша жіберілген. Сот жауапкер - Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің орналасқан жері Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, 8 екенін негізге алған.
Тиісінше іс Нұр-Сұлтан қаласының МАЭС-тің қарауына жатады.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымының күші жойылып, азаматтық іс мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа қайтарылды.
Алқа талап қою арызы мен іс материалдарына сәйкес «СК-Максимум» ЖШС жауапкерге 2019 жылғы 27 маусымдағы № 26 мемлекеттік сатып алу шарты бойынша «СҚО Есіл ауданындағы Үлкен Тораңғыл көлінде су өткізу шлюзінің құрылысы» объектісі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға қатысты міндеттемелерін орындамауына негізделген талапты қойғанын анықтады.
Яғни шартты орындау орны - СҚО Есіл ауданындағы Үлкен Тораңғыл көлі.
Апелляциялық сот алқасы АПК-нің 30-бабы 6-бөлігінің ережелеріне сілтеме жасай отырып, процестік заңмен аумақтық соттылықты таңдау талапкердің құқығына жататынын негіздеп көрсетті, осыған байланысты бірінші сатыдағы сотта істі жауапкердің орналасқан жері бойынша Нұр-Сұлтан қаласына соттың қарауына беруге негіз жоқ, өйткені істі іс жүргізуге қабылдау кезінде соттылық қағидаларын бұзуға жол берілгмеген.
2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген мемлекеттік сатып алуды реттеу саласындағы Заңның маңызды жаңалығы мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімін қалыптастырудың жаңа тәртібін белгілейтін норма болып табылады.
Мәселен, Заңның 12-бабының 5-тармағына сәйкес 12-баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың, атап айтқанда оларды жеңімпаз деп танығаннан кейін мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған өнім берушілердің тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімінің негізінде қалыптастырылады.
Заңның 12-бабы 4-тармағының 1), 3) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде қалыптастырылады.
Заңның 44-бабының 1-тармағында егер жеңімпаз деп танылған не екінші орын алған әлеуетті өнім беруші Заңда белгіленген мерзімдерде тапсырыс берушіге қол қойылған мемлекеттік сатып алу туралы шартты ұсынбаған немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, Заңның 26-бабына сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) соманы енгізбеген жағдайда, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған деп танылатыны көзделген.
Осылайша жеңімпаздар деп айқындалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілер уәкілетті органның шешімі негізінде тізілімге енгізіледі.
Сонымен бірге практикада тапсырыс беруші Заңның 12-бабының 5-тармағын бұза отырып, талап қою ведомстволығына жатпаса да, өнім берушінің шарттың орындалуын қамтамасыз етуді белгіленген мерзімде енгізбеуіне байланысты оны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу үшін талап қойып сотқа жүгінетін жағдайлар кездеседі.
Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы МАЭС-тің 2018 жылғы 25 маусымдағы ұйғарымымен Астана қаласының әкімдігі «№2 қалалық аурухана» ШЖҚ МКК-нің «Adil ink» ЖШС-ны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы қойған талабына қатысты азаматтық іс бойынша іс жүргізу АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасы бойынша азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындығынан тоқтатылды.
Талапкер талап қоюдың негізі ретінде жауапкер шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізбегенін және мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған деп танылатынын көрсеткен.
Ұқсас мысал. Павлодар облысы МАЭС-тің 2020 жылғы 8 қаңтардағы ұйғарымымен «Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» ШЖҚ КМК-нің «Torangyl Group» ЖШС-ға мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюына қатысты азаматтық іс бойынша іс жүргізу АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасына сілтеме жасалып тоқтатылған.
Талапкер талаптарында баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жауапкердің жалпы сомасы 285 000 теңгеге тауар жеткізу бойынша конкурс жеңімпазы деп танылғандығы жөнінде уәж келтірген.. Алайда жауапкер Заңның 43-бабы 9-тармағының талаптарын бұза отырып, шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасын енгізбеген.
Осылайша осы мәселені шешу уәкілетті органның құзыретіне жататынына қарамастан, тапсырыс берушілер талаппен сотқа жүгінуді жалғастыруда. Судьялар өздерінің іс жүргізулеріне осындай арыздарды қабылдай отырып, қаралған істердің санын жасанды түрде ұлғайтуда (АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасы бойынша 2018 жылы-277; 2019 жылы - 273; 2020 жылдың 9 айында – 451 іс тоқтатылған).
Шарт жасасудан жалтарған кезде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу сот шешімінің негізінде емес (сотқа ведомстволық бағынысты емес ретінде) уәкілетті органның шешімі негізінде жүргізілетінін түсіндіріп, мұндай талап қою арыздары қабылдау сатысында АПК-нің 151-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес бас тартуға жататынына соттардың назарын аудару қажет.
Бұл ретте соттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1200 қаулысымен бекітілген Ерекше тәртіпті қолдана отырып, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларымен реттелетін мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстың негізінде туындайтын дауларды сатып алу жалпы негіздерде жүзеге асырылған даулардан ажыратқаны жөн.
Заңның 12-бабының 5-тармағымен енгізілген, 12-баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың, атап айтқанда мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған өнім берушілердің тізілімі уәкілетті орган шешімінің негізінде қалыптастырылатыны жөніндегі талап ерекше тәртіп қолданылып, мемлекеттік сатып алу шеңберінде туындайтын дауларға қолданылмайды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 694 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алу саласында тізілімдерді қалыптастырудың және жүргізудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес веб-портал арқылы мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу веб-портал арқылы қабылданатын уәкілетті орган шешімінің негізінде автоматты түрде жүргізіледі.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1200 қаулысымен бекітілген Ерекше тәртіпті қолдана отырып, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының ( бұдан әрі -Қағидалар) 4-тарауының 10-тармағында конкурс тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алу конкурстық құжаттаманың мәтіндерін конкурс тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алудың жүзеге асырылуы туралы хабарламаны (бұдан әрі - хабарлама), конкурсқа қатысуға өтінімдері бар конверттерді ашудың қол қойылған хаттамаларын, конкурсқа қатысуға алдын ала жіберу туралы, жіберу туралы және конкурс тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаларды тапсырыс берушілердің интернет-ресурсында және мемлекеттік сатып алу веб-порталында (бұдан әрі - веб-портал) орналастырмай жүзеге асырылатыны көзделген
Яғни, мемлекеттік сатып алу веб-порталында ерекше тәртіпті қолдана отырып өткізілген конкурс бойынша деректер жоқ.
Қағидалардың 52-тармағында, егер жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші Заңда белгіленген мерзімде тапсырыс берушіге қол қойылған мемлекеттік сатып алу туралы шартты ұсынбаған жағдайда, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған деп танылатыны көзделген.
Қағидалардың 53-тармағының 1) тармақшасына сәйкес мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші өзі енгізген конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді ұстап қалады және осындай әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қойып сотқа жүгінеді.
Осылайша, егер мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурс жоғарыда аталған Қағидаларға сәйкес ерекше тәртіп қолданыла отырып жүргізілсе, онда Заңның 44-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған, жеңімпаздар деп айқындалған әлеуетті өнім берушілер сот шешімінің негізінде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілуге жатады.
Баяндалғанды ескере отырып, қазіргі кезде жосықсыз қатысушылар тізіліміне ерекше тәртіпті қолдана отырып, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған жеңімпаздар деп айқындалған әлеуетті өнім берушілерді енгізу үшін негіздерге қатысты Заңның 12-бабы 5-тармағының ережелерін заңнамалық тәртіппен нақтылау не Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысына толықтыру енгізу арқылы осы ережелерді түсіндіру қажеттігі туындады.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.
Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Құжатты жүктеп алу
-
Мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар бойынша сот практикасын ҚОРЫТУ
40 рет жүктеп алынды