1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдары – осы Заңда және саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде көзделген, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше тәртібі, сондай-ақ арнаулы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі әкімшілік мемлекеттік лауазымдар;
2) әкімшілік мемлекеттік қызметші – Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдарда лауазымдық өкілеттікті орындау жөніндегі өз қызметін тұрақты кәсіптік негізде "А" және "Б" корпустарының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарында жүзеге асыратын мемлекеттік қызметші;
3) әкімшілік мемлекеттік лауазымның санаты – саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес әкімшілік мемлекеттік лауазымдар жиынтығы;
4) басшы мемлекеттік лауазым (бұдан әрі – басшы лауазым) – қарамағында мемлекеттік қызметшілер болатын және олардың қызметін ұйымдастыру өкілеттігі берілген мемлекеттік лауазым;
5) "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдары – саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде көзделген, мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық, талдамалық, қаржылық-экономикалық және өзге де функционалдық сүйемелдеуді, мемлекеттің функциялары мен міндеттерін тиісті мемлекеттік орган өкілеттігінің шегінде іске асыруды қамтамасыз ететін және "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына жатпайтын әкімшілік мемлекеттік лауазымдар;
6) бонус – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметшінің қызметін бағалау нәтижесі бойынша оған белгіленетін ақшалай төлем;
7) біліктілік талаптары – мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтарына білімі, жұмыс тәжірибесі және құзыреттері бойынша қойылатын талаптар;
8) жұмыс орны – мемлекеттік қызметші тұрақты немесе уақытша болатын, құрылымдық тұрғыдан бөлінген және ұйымдастырылған және оның лауазымдық өкілеттікті орындауына арналған, оның ішінде мүгедектігі бар адамның жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып жабдықталған және ұйымдастырылған орын;
9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет ардагері – мемлекеттік қызметтегі өтілі кемінде жиырма бес жыл болатын, мінсіз беделі бар, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес зейнеткерлік жасқа толған не зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін мемлекеттік қызметте болуы осы Заңға сәйкес ұзартылған адам;
10) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) – мемлекеттік органдарда ақы төленетін мемлекеттік лауазымдарды атқаратын және осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген мемлекеттік қызметтің мақсаты мен ерекшеліктеріне сәйкес мемлекеттің функциялары мен міндеттерін және (немесе) мемлекеттік органдардың өкілеттігін іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы азаматтарының кәсіптік қызметі;
11) қызметтік қажеттілік – мемлекеттік органның өкілеттігін үздіксіз және тиімді орындауды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қызметшінің жұмыс сипатын немесе көлемін, еңбек жағдайларын уақытша өзгертуді талап ететін мән-жайлар немесе жағдайлар;
12) лауазымды адам – тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша мемлекеттік органдарда билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;
13) лауазымдық өкiлеттiк – нақты мемлекеттiк лауазымда көзделген, мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетін құқықтар және мiндеттер;
14) мемлекеттік қызметтің кадр резерві – қажетті кәсіби және жеке қасиеттерге ие Қазақстан Республикасы азаматтарының кейіннен бос мемлекеттік лауазымдарға орналасуына, сондай-ақ мемлекеттік органдарды білікті мамандардың қажетті санымен жасақтауға арналған, белгіленген тәртіппен қалыптастырылған тізбесі;
15) мемлекеттiк қызметшi – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердің қаражатынан не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің және (немесе) Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасында айқындалған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатынан ақы төленетiн, саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң функциялары мен мiндеттерiн iске асыру жөніндегі лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;
16) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі (бұдан әрі – қызметтік әдеп) – мемлекеттік қызметшілердің осы Заңда және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде белгіленген, әдеп қағидаттары мен қызметтік әдеп стандарттары көзделетін мінез-құлық қағидалары;
17) мемлекеттік қызметшінің құзыреті – нақты мемлекеттік лауазымда кәсіптік қызметті тиімді орындау үшін қажетті білімнің, машықтар мен дағдылардың жиынтығы;
18) мемлекеттік қызметшінің тікелей басшысы – мемлекеттік лауазымы бойынша жоғары тұрған, мемлекеттік қызметші өзінің лауазымдық нұсқаулығына сәйкес оның тікелей қарамағында болатын адам;
19) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыратын орталық мемлекеттік орган;
20) мемлекеттік лауазым – мемлекеттің функциялары мен міндеттерін және (немесе) мемлекеттік органдардың өкілеттігін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген лауазымдық өкілеттік шеңбері жүктелген, сондай-ақ саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімiне енгізілген мемлекеттік органның құрылымдық штат бірлігі;
21) мемлекеттік орган басшысы – Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда орталық мемлекеттік органның, оның ведомствосының, олардың аумақтық бөлімшелерінің басшысы, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, тексеру комиссиясының төрағасы, мемлекеттік орган болып табылатын аппараттың басшысы;
22) мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісі (бұдан әрі – келісімшарттық қызметші) – түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік органға осы Заңда көзделген ерекшеліктері бар келісімшарт бойынша тартылған Қазақстан Республикасының азаматы;
23) мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісінің келісімшарты – мемлекеттік орган мен Қазақстан Республикасының азаматы арасындағы оның құқықтары мен міндеттерін, еңбек жағдайларын, сондай-ақ еңбек нәтижесімен (сандық және (немесе) сапалық көрсеткіштер) өзара байланысты еңбекке ақы төлеу жағдайларын, еңбек нәтижесіне (сандық және (немесе) сапалық көрсеткіштер) қол жеткізбегені үшін жауапкершілігін және басқа да жеке жағдайларды белгілейтін еңбек шарты;
24) мемлекеттік цифрлық кадр жүйесі – мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының жұмыскерлері туралы мәліметтерді жинауға, сақтауға, өңдеуге, пайдалануға, беруге және талдауға, персоналды басқару функцияларын жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын мониторингтеуге арналған мемлекеттік цифрлық жүйе;
25) сайланатын мемлекеттік лауазым – Қазақстан Республикасының азаматы "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланатын әкім лауазымы;
26) сайланған мемлекеттік қызметші – сайланатын мемлекеттік лауазымды атқаратын Қазақстан Республикасының азаматы;
27) саяси мемлекеттік қызметші – Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының Құрылтайы, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де адамдар (органдар) лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын, мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және (немесе) іске асыруға қатысатын және оның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге саяси жауапты болатын адам;
28) төменгі лауазым – "Б" корпусының мемлекеттік органның штат кестесіне сәйкес төмен тұрған мемлекеттік лауазым болатын әкімшілік мемлекеттік лауазымы;
29) уақытша бос мемлекеттік лауазым – мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшінің іссапарға жіберілуіне, әлеуметтік демалыста не оқуда болуына, лауазымдық өкілеттігін орындаудан уақытша шеттетілуіне, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес өзіне қатысты үйқамақ не күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының қолданылуына, ауруы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енген болса, науқастануы салдарынан оның қатарынан екі айдан астам уақыт жұмыс орнында болмауына байланысты оның болмауы кезеңіндегі осы бос мемлекеттік лауазым;
30) үстемеақы – мемлекеттік қызметшіге Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен белгіленетін лауазымдық айлықақысына ақшалай қосымша ақы;
31) штат кестесі – мемлекеттік органның ұйымдық құрылымын, құрамын және мемлекеттік лауазымдарының санын белгілейтін құжат;
32) іссапарға жіберу – мемлекеттік қызметшінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін тәртіппен басқа мемлекеттік органда, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінде мемлекеттік лауазымды және өзге де ұйымда лауазымды атқаруы.
Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 19 мамырдағы № 290-VIII ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау
_________________________
-Заңды күші жойылды Қазақстан Республикасының жаңа № 290-VIII ҚРЗ 22026 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңын қабылдаумен
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңы
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) "А" корпусы - Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше тәртібі, сондай-ақ арнайы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдар;
2) алып тасталды – ҚР 03.07.2020 № 357-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) "Б" корпусы – "А" корпусына енгізілмеген мемлекеттік әкімшілік лауазымдар;
4) бонус – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметшілерге қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша белгіленетін ақшалай төлем;
5) бiлiктiлiк талаптары – мемлекеттiк лауазымға орналасуға үмiткер азаматтарға білімі, жұмыс тәжірибесі және құзыреттері бойынша қойылатын талаптар;
5-1) келісімшарттық қызметшінің келісімшарты – мемлекеттік орган мен Қазақстан Республикасының азаматы арасындағы оның құқықтары мен функционалдық міндеттерін, еңбек жағдайларын, сондай-ақ еңбек нәтижелерімен (сандық және (немесе) сапалық көрсеткіштер) өзара байланысты еңбекке ақы төлеу жағдайларын, еңбек нәтижелеріне қол жеткізбегені үшін жауапкершілігін және басқа да жеке жағдайларды белгілейтін еңбек шарты;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) – мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктерді атқару жөнiндегi қызметi;
7) құзыреттер – нақты мемлекеттік лауазымда кәсіби қызметті тиімді түрде атқару үшін қажетті білімнің, икемнің және дағдылардың жиынтығы;
8) лауазымды адам – билiк өкiлiнiң функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттiк органдарда ұйымдастырушылық-өкiмдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды атқаратын адам;
9) лауазымдық өкiлеттiктер – нақты мемлекеттiк лауазыммен көзделген, мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетін құқықтар мен мiндеттер;
9-1) алып тасталды - ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
10) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi – Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, өз қызметін тұрақты немесе сайланған кәсіби негізде жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшi;
11) мемлекеттік әкімшілік лауазымның санаты – мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес мемлекеттік әкімшілік лауазымдардың жиынтығы;
12) мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және (немесе) Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасында айқындалған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;
13) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі (бұдан әрі – қызметтік әдеп) – Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне сәйкес қызметтік әдеп стандарттарында белгіленген мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық қағидалары;
13-1) мемлекеттік қызметшінің тікелей басшысы – мемлекеттік лауазымы бойынша жоғары тұрған, мемлекеттік қызметші өзінің лауазымдық нұсқаулығына сәйкес оған тікелей бағынысты болатын адам;
14) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік қызмет саласында біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
15) мемлекеттiк лауазым – нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген лауазымдық өкiлеттiктер шеңбері жүктелген мемлекеттiк органның құрылымдық штат бiрлiгi;
15-1) мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісі (бұдан әрі – келісімшарттық қызметші) – түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін осы Заңда көзделген ерекшеліктер ескерілген келісімшарт бойынша мемлекеттік органға тартылған Қазақстан Республикасының азаматы;
16) мемлекеттiк саяси қызметшi – тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметi саяси-айқындаушы сипатқа ие, саяси мақсаттар мен мiндеттердi iске асыруға жауаптылықта болатын мемлекеттiк қызметшi;
17) мүдделер қақтығысы – мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері өзінің лауазымдық өкілеттіктерін орындамауына немесе тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін болатын кездегі мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері мен оның лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық;
18) тәлімгер – мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған мемлекеттік қызметшіге бекітілетін, оның кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсететін мемлекеттік қызметші;
18-1) алып тасталды – ҚР 03.01.2022 № 101-VII (31.12.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
19) төменгі лауазым – мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілердің лауазымдар тізіліміне сәйкес мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген лауазымдардың төменгі санатындағы төмен тұрған лауазым болып табылатын, "Б" корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің мемлекеттік лауазымы;
20) уақытша бос мемлекеттік лауазым – мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшінің іссапарға баруына, әлеуметтік демалыста не мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуда болуына, сондай-ақ ауруы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енген болса, науқастануы салдарынан оның қатарынан екі айдан астам уақыт жұмыс орнында болмауына байланысты уақытша бос мемлекеттік лауазым;
21) уәкілетті комиссия – Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру, оны өткеру және тоқтату, сондай-ақ мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлерді тарту мәселелерін қарайтын комиссия, оның ережесі мен құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді;
22) үстемеақы – "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісіне Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен белгіленетін лауазымдық айлықақысына ақшалай қосымша ақы;
23) іссапарға бару – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметшілердің бұрынғы жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) сақтала отырып, басқа мемлекеттік органдарда, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде және өзге де ұйымдарда мемлекеттік лауазымдарға орналасуы.
Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы