9-бап. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті лицензиялау Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы Заңы
1. Цифрлық майнинг жөніндегі қызмет өтініш берушіге үш жыл мерзімге берілетін цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия негізінде жүзеге асырылады.
Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия мынадай кіші түрлер бойынша:
І кіші түр бойынша – меншік құқығында немесе басқа да заңды негіздерде цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы бар цифрлық майнерге;
ІІ кіші түр бойынша – меншік құқығында немесе басқа да заңды негіздерде цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы жоқ және цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығында орналастырылған, өзіне меншік құқығында тиесілі цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешенді пайдалана отырып, цифрлық майнингті жүзеге асыратын цифрлық майнерге беріледі.
2. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және цифрлық майнинг жөніндегі қызметті лицензиялау қағидаларына сәйкес беріледі.
3. Лицензиялық алымның мөлшері, оны есептеу және төлеу тәртібі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалады.
4. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру уәкілетті органның шешімімен мынадай:
1) цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны алу кезінде анық емес мәліметтер анықталған;
2) цифрлық майнер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтамаған;
3) уәкілетті органның жоспардан тыс тексеруінің нәтижелері бойынша бұзушылықтар белгіленген мерзімде жойылмаған;
4) цифрлық майнер уәкілетті органға мәліметтердің өзгергені туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының цифрлық активтер туралы заңнамасында белгіленген мерзімдерде ұсынбаған;
5) цифрлық майнер уәкілетті органға өз еркімен жүгінген жағдайларда;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда, бір айдан алты айға дейінгі мерзімге жүзеге асырылады.
5. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешімде цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұрудың себептері мен мерзімі көрсетілуге тиіс.
Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру цифрлық майнинг жөніндегі қызметтің тоқтата тұру кезеңінде жасалуына тыйым салуға алып келеді.
6. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын қайта бастау "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 45-бабының 3 және 7-тармақтарында белгіленген тәртіппен цифрлық майнердің жүгінуі бойынша жүзеге асырылады.
7. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиядан айыруды сот жүзеге асырады.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.12.2023 № 44-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы