⁠`

Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / НҚА / 7-бап. Уәкілетті органның құзыреті Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы  кодексі

7-бап. Уәкілетті органның құзыреті Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы  кодексі

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

7-бап. Уәкілетті органның құзыреті Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы  кодексі 

      1. Уәкілетті орган:

      1) өз құзыреті шегінде стратегиялық, реттеушілік, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асырады;

      1-1) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;

      2) саламатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды қалыптастыруды ұйымдастырады;

      3) алып тасталды – ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      4) аурулар мен жай-күйлер профилактикасының, диагностикасының, емдеудің және медициналық оңалтудың, сондай-ақ оларды бақылаудың жаңа әдістерін ендіреді;

      5) алып тасталды – ҚР 25.04.2025 № 185-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      6) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін қалыптастырады;

      7) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмектің тізбесін қалыптастырады;

      7-1) төтенше жағдайлар, төтенше жағдай режимін енгізу кезінде халыққа медициналық көмек беру тәртібін, түрлерін және көлемін айқындайды;

      8) денсаулық сақтау саласындағы, оның ішінде денсаулық сақтау саласында білім беру және ғылыми қызмет мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      9) денсаулық сақтау саласындағы халықаралық жобаларды іске асырады;

      9-1) денсаулық сақтау саласындағы ұлттық операторды, оның функциялары мен өкілеттіктерін айқындайды;

      9-2) бірыңғай дистрибьюторды айқындайды;

      10) халықаралық медициналық-санитариялық қағидаларды ендіру және іске асыру жөніндегі қызметті салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;

      10-1) дактилоскопиялық тіркеуден өтуден босатуға негіз болатын аурулардың тізбесін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша бекітеді;

      11) медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларды) айқындау, оларды есепке алу және талдау қағидаларын бекітеді;

      12) әлемнің жетекші фармакопеяларының талаптарын Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады деп таниды;

      13) дәрілік заттарға бағаларды мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;

      14) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық мақсаттағы бұйымдарға, Бірыңғай дистрибьютормен жасалған ұзақ мерзімді беру шарттары шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында жасалатын, тірі организмнен тыс (in vitro) диагностикалауға арналған медициналық бұйымдарға бағаларды мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;

      15) бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін айқындайды;

      15-1) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдар үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде, бюджет қаражаты есебінен және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және арнаулы емдік өнімдерді, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу тәртібін айқындайды;

      15-2) бірыңғай дистрибьютордың қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдар үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде, бюджет қаражаты есебінен (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін айқындайды;

      16) алып тасталды – ҚР 25.04.2025 № 185-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      17) медицина және фармацевтика ғылымының, медициналық және фармацевтикалық білім берудің дамуын қамтамасыз етеді және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми және білім беру қызметін үйлестіреді;

      18) денсаулық сақтау саласындағы кадрларды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырады;

      19) осы Кодекстің 26-бабының 3-тармағында аталған адамдарды кәсіптік құзыреттілікке аттестаттауды жүргізеді;

      20) пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер өз қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын кәсіптердің, жұмыстар мен мамандықтардың тізбесін әзірлеуге қатысады;

      21) денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын қалыптастырады;

      22) денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарларын келіседі;

      23) денсаулық сақтау саласында жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді және оларға әдістемелік басшылық етуді жүзеге асырады;

      24) алып тасталды – ҚР 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      25) денсаулық сақтау субьектілерінің қызметін үйлестіреді;

      26) мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын жарақтандыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады;

      27) алып тасталды – ҚР 25.04.2025 № 185-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      28) тәуекелге бағалау жүргізуге және тәуекелге бағалау жүргізу тәртібін белгілеуге құқығы бар ұйымдар үшін бірыңғай әдіснаманы айқындайды;

      29) денсаулық сақтауды цифрландыру стратегиясын бекітеді;

      30) денсаулық сақтау саласындағы электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық желілерді құрады және олардың жұмыс істеуін, оларға Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың қол жеткізуін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

      30-1) ашық деректердің интернет-порталында орналастырылатын мемлекеттік органдардың ашық деректерінің бірыңғай тізбесіне сәйкес айқындалатын ресми статистикалық және өзге де ақпаратты ашық қолжетімді орналастыру арқылы қоғам мен мемлекетті денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі туралы объективті ақпаратпен қамтамасыз етеді;

      31) өз құзыреті шегінде денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді және есепке алу мен есептік құжаттаманың нысандарын бекітеді;

      31-1) медицина қызметкерлерінің толтыруы үшін міндетті құжаттаманың тізбесін бекітеді;

      32) денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды бекітеді;

      33) алып тасталды – ҚР 25.04.2025 № 185-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      34) пациенттер мен медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында медициналық ұйымдарда қолданылатын техникалық бақылау құралдарын, байқау және тіркеу аспаптарын, фото-, бейнеаппаратураларды қолдану қағидаларын бекітеді;

      35) денсаулық сақтау саласында құрметті атақтар беру қағидаларын бекітеді;

      36) көтермелеудің салалық жүйесі қағидаларын бекітеді;

      37) денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің үлгілік жүйесін бекітеді;

      38) денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіптік құзыреттілігіне аттестаттауды жүргізу тәртібін айқындайды;

      39) денсаулық сақтау ұйымдары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелері үшін үлгілік штаттар мен штаттық нормативтерді бекітеді;

      40) денсаулық сақтаудың кадр ресурстары бойынша ұлттық үйлестіруші туралы ережені бекітеді;

      41) денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің үздіксіз кәсіптік даму нәтижелерін растау, біліктілік деңгейін беру және растау қағидаларын бекітеді;

      42) денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар мен мамандандырулар номенклатурасын, денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын бекітеді;

      43) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарттары шеңберінде бірыңғай дистрибьютор сатып алатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекітеді;

      44) Қазақстан Республикасында тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасына бағалау жүргізу қағидаларын бекітеді;

      45) медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткiзуді хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің тізілімін қалыптастыру қағидаларын бекітеді;

      46) Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды бекітеді;

      47) Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды қалыптастыру қағидаларын, белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларын әзірлеу қағидаларын бекітеді;

      48) дәрілік заттардың ұтымды пайдаланылуына бағалау жүргізу қағидаларын бекітеді;

      49) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;

      50) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу тізбесін қалыптастыру қағидаларын бекітеді;

      51) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарға, сондай-ақ медициналық бұйымдарға бағаларды реттеу қағидаларын бекітеді;

      52) Қазақстан Республикасында медициналық бұйымдарға сервистік қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;

      53) медициналық бұйымдардың оңтайлы техникалық сипаттамалары мен клиникалық-техникалық негіздемесіне сараптамалық бағалауды жүзеге асыру әдістемесін бекітеді;

      54) келісімшарттық фракциялау жөніндегі өзара іс-қимыл қағидаларын бекітеді;

      55) алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасының құрамын бекітеді;

      56) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеу және олардың қауіпсіздігі мен сапасын бағалау кезінде сараптаманы жүзеге асыру үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекітеді;

      57) денсаулық сақтау ұйымдарында шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету үшін қажетті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекітеді;

      58) халықаралық медициналық-санитариялық қағидалар бойынша ұлттық үйлестіруші туралы ережені бекітеді;

      59) ақылы медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) ұсыну жөніндегі шарттың үлгілік нысанын бекітеді;

      59-1) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын, туберкулезбен ауыратын адамдарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;

      59-2) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша, ауруына байланысты жазасын өтеуден босатуға ұсынылатын сотталғандарды медициналық куәландырудан өткізу қағидаларын бекітеді және жазасын өтеуден босатуға негіз болып табылатын аурулардың тізбесін айқындайды;

      59-3) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін бюджет қаражаты есебінен сатып алу және олардың ақысын төлеу тәртібін айқындайды;

      59-4) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың үлгілік штаттары мен штат нормативтерін бекітеді;

      59-5) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде ұсынылатын медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру қағидалары мен әдістемесін бекітеді;

      59-6) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарды медициналық техникамен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен жарақтандырудың ең төмен нормативтерін бекітеді;

      59-7) әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсетудің тәртібі мен шарттарын бекітеді;

      60) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге емделуге жіберу және (немесе) емдеуді отандық медициналық ұйымдарда жүргізу үшін шетелдік мамандарды тарту қағидаларын бекітеді;

      60-1) емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекітеді;

      61) алып тасталды – ҚР 25.04.2025 № 185-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      62) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекітеді;

      63) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемдерін жоспарлау қағидаларын бекітеді;

      63-1) бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдармен келісу бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бюджет қаражатын жоспарлау және бөлу қағидаларын, медициналық көмек көрсетуге арналған қаражат бойынша есептілікті ұсыну нысандары мен мерзімдерін әзірлейді және бекітеді;

      64) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге тарифтерді қалыптастыру қағидалары мен әдістемесін бекітеді;

      65) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ұсынылатын медициналық көрсетілетін қызметтерге тарифтерді бекітеді;

      66) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және медициналық көмек алуға құқықтар беру қағидаларын бекітеді;

      67) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерін есепке алуды жүргізу қағидаларын бекітеді;

      68) денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекітеді;

      69) денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын қалыптастыру, келісу және бекіту қағидаларын бекітеді;

      70) денсаулық сақтау ұйымдарының номенклатурасын және олардың қызметі туралы ережені бекітеді;

      71) денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық бұйымдармен жарақтандырудың ең төмен стандарттарын бекітеді;

      72) денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарттарды бекітеді;

      73) көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамдарға медициналық қарап-тексеруді жүргізу қағидаларын бекітеді;

      74) психикаға белсенді әсер ететін затты тұтыну фактісін және масаң күйде болу жағдайын анықтау үшін медициналық куәландыруды жүргізу қағидаларын бекітеді;

      75) иондаушы сәулеленудің әсеріне ұшыраған адамдардың қаны мен тіндерін алу, сақтау және пайдалану тәртібін бекітеді;

      76) иондаушы сәулеленудің әсерімен байланысты аурулардың тізбесін және себептік байланысты анықтау қағидаларын бекітеді;

      77) психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынумен байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар, өздеріне қатысты психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымға жолдама беру қолданылмайтын адамдардағы медициналық қарсы көрсетілімдердің тізбесін бекітеді;

      78) клиникалық хаттамаларды әзірлеу мен қайта қарау қағидаларын бекітеді;

      79) клиникалық хаттамаларды практикалық денсаулық сақтауға ендіру және ендіру тиімділігін бағалау әдістемесін бекітеді;

      80) медициналық және фармацевтикалық қызметке қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді;

      81) жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыздар арқылы медициналық көмек көрсету қағидаларын бекітеді;

      82) осы Кодекстің 120-бабында белгіленген түрлерге сәйкес медициналық көмек көрсету қағидаларын бекітеді;

      83) Қазақстан Республикасының халқына сурдологиялық көмек көрсету қағидаларын бекітеді;

      84) қанды, оның компоненттерін дайындау, қайта өңдеу, сапасын бақылау, сақтау, өткізу номенклатурасын, қағидаларын, сондай-ақ қанды, оның компоненттерін құю қағидаларын бекітеді;

      85) ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу, дайындау, сақтау, консервациялау, тасымалдау, донордан реципиентке трансплантаттау қағидалары мен шарттарын бекітеді;

      86) дербес медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды денсаулық сақтау саласындағы басқа да дерекқорлармен байланыстыратын телекоммуникация желілеріне қосу қағидаларын ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;

      87) цифрлық денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды, сыныптау жүйелерін, анықтамалықтар мен номенклатураны бекітеді;

      88) денсаулық сақтау саласындағы медициналық ақпараттық жүйелерге қойылатын ең төмен талаптарды бекітеді;

      89) қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған электрондық ақпараттық ресурстарға қойылатын талаптарды бекітеді;

      90) сырқаттанушылық пен адам өлімін кодтау жөніндегі нұсқаулықты, халықаралық сыныптауыштарды пайдалану жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      91) білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша денсаулық сақтау саласында білім беру бағдарламалары бойынша оқыту құнын қалыптастыру әдістемесін бекітеді;

      92) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қажеттілікті қалыптастыру тәртібі мен әдістемесін айқындайды;

      93) бірлесіп төлеуді жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;

      94) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға арналған шекті бағалар мен үстеме бағаларды қалыптастыру қағидаларын бекітеді;

      95) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға арналған шекті бағаларды және үстеме бағаларды қалыптастырады және бекітеді;

      96) бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына арналған шекті бағаларды бекітеді;

      97) үкіметтік емес ұйымдар үшін, оның ішінде халықтың негізгі топтары үшін азаматтардың денсаулығын сақтау саласында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, оның іске асырылуын мониторингтеу және нәтижелерін бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асырады;

      98) кәсіптік аурулардың тізбесін айқындайды;

      99) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен медициналық қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалу мониторингін жүргізу қағидаларын бекітеді;

      100) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтер көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің жұмыскерлерін көтермелеу қағидаларын бекітеді;

      101) медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіп саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;

      101-1) Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды гуманитарлық көмек ретінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелу жағдайларын айқындайды;

      101-2) адам өмірі мен денсаулығына зиянды әсерін тигізетін, күшті әсер ететін заттардың тізбесін бекітеді;

      102) "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген төтенше жағдай кезеңінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;

      103) денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану стандарттарын бекітеді;

      104) медициналық ұйымдарда құпия аудит жүргізу қағидаларын бекітеді;

      104-1) дәрігерлік-консультативтік комиссияның қызметі туралы ережені бекітеді;

      104-2) стратегиялық маңызды дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін айқындайды;

      104-3) медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандырудың үлгілік шартын қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;

      104-4) медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру қағидаларын қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;

      105) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

 

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы