11-бап. Үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиімділігін қамтамасыз ету Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы Заңы
1. Жобаланатын және салынатын (реконструкцияланатын, күрделі жөнделетін) үйлер, құрылыстар, ғимараттар Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиімділігі бойынша талаптары:
1) үйдегі, құрылыстағы, ғимараттағы энергетикалық ресурстар шығынының үлестік шамасын сипаттайтын көрсеткіштерді;
2) сәулет, көлемдік-жоспарлау, технологиялық, конструкциялық және инженерлік-техникалық шешімдерге үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиімділігіне ықпал ететін талаптарды;
3) үйлерде, құрылыстарда, ғимараттарда пайдаланылатын инженерлік жүйелер мен технологиялық жабдықтарға қойылатын талаптарды;
4) жобалау құжаттамасына енгізілетін және үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды салу (реконструкциялау, күрделі жөндеу) кезінде қолданылатын технологиялар мен материалдарға қойылатын, энергетикалық ресурстардың ұтымсыз (негізсіз) шығыстарын болдырмауға мүмкіндік беретін талаптарды қамтуы тиіс.
Үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды пайдалануға беру кезінде энергия тиімділігі жөніндегі талаптарды орындау құрылыс салушыға жүктеледі.
3. Энергия тиімділігі жөніндегі талаптар мынадай үйлерге, құрылыстарға, ғимараттарға қолданылмайды:
1) тарихи-мәдени мұра объектілеріне жатқызылған үйлер, құрылыстар, ғимараттар;
2) қызмет мерзімі екі жылдан аспайтын шаруашылық мақсаттағы уақытша құрылыстар, қосалқы үй-жайлар;
3) жеке тұрғын үйлер, сондай-ақ саяжай және бау-бақша учаскелерінде орналасқан құрылыстар;
4) жалпы алаңы елу шаршы метрден аз бөлек тұрған үйлер, құрылыстар, ғимараттар;
5) ғибадат ету үйлері, құрылыстары және ғимараттары;
6) бөлек тұрған жылытылмайтын үйлер, құрылыстар, ғимараттар.
4. Энергия тиімділігінің талап етілетін сыныбы құрылыс (реконструкциялау, күрделі жөндеу) жобасын әзірлеуге арналған тапсырмада көрсетіледі және құрылысы (реконструкциялауы, күрделі жөндеуі) аяқталған объект пайдалануға берілгеннен кейін жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу кезінде жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортында көрсетіледі.
5. Қазіргі бар ғимараттардың, құрылыстардың, құрылысжайлардың энергия тиімділігі сыныбы және оны қайта қарау уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, энергия аудитін жүргізу қорытындылары бойынша белгіленеді және жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортында көрсетіледі.
Энергия аудитінің қорытындысы жылжымайтын мүлік объектісінің (ғимараттардың, құрылыстардың, құрылысжайлардың) кадастрлық паспортына қоса беріледі.
6. Қазіргі бар үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды энергия тиімділігі бойынша таңбалау энергия аудитін жүргізу қорытындылары бойынша белгіленеді және энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі қорытындыда көрсетіледі.
Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 14.01.2015 № 279-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 407-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2022 № 130-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.04.2023 № 221-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 қаңтардағы № 541-IV Заңы.
Осы Заң энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және жеке және заңды тұлғалар қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы